Диденко Александр Владимирович 2015 жылдың 26 мамырында жаны жайсаң жақсы адам, тамаша ғалым Александр Владимирович Диденко дүниеден озды. Александр Владимирович 1948 жылы 25 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келді. Орта мектепті бітіргеннен кейін Новосибирск мемлекеттік техникалық университетінің физика-техника факультетіне оқуға түседі. 1970 жылы денсаулығына байланысты Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына ауысады, 1972 жылы осы оқу орнын ойдағыдай тәмамдайды.

1972-1974 жылдары аралығында Александр Владимирович Топырақтану институтында кіші ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды. 1975 жылы А.В. Диденко Астрофизикалық институттың штатына алынады. Өзінің ғылыми қызметінің басында ол Короналды бекеттің астроклиматын зерттеумен айналысты, ал содан кейін Ассы-Түрген шоқысында экспедиция басшысының орынбасары бола отырып, ол Ассы-Түрген шоқысында бақылау орнының ұйымдастырылуына қатысты және «Астроклимат» тақырыбын негізгі орындаушылардың бірі болды.

Александр Владимирович институттың қоғамдық өміріне белсене араласты: жергілікті комитеттің мүшесі болды, институттың жас ғалымдары Кеңесінің құрамына кірді. 1979 жылдан бастап ол Автоматтандырылған Өлшеу Кешені (кейінірек – Жердің жасанды серіктерін бақылау зертханасы) тобы орындаған барлық шаруашылық келісім тақырыптарының жауапты орындаушысы болып табылды.

А.В. Диденко еліміз бойынша жасанды ғарыш аппараттарының оптикалық сипаттарын анықтау бойынша жұмыс бастаған алғашқылардың бірі және осы бағыттағы жетекші мамандардың бірі болды. Осы жылдары ол жасанды ғарыш аппараттарының сәйкестендіру міндеттері үшін телевизиялық техника және ЭВМ пайдаланылуымен астрономиялық бақылауларды автоматтандыру мәселелерімен айналысты.

1992 жылы ол Одесса Мемлекеттік Университетінде «Электрофотометрия әдісімен геотұрақты ЖЖС фотометрлік сипаттарын зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады.
А.В. Диденко жұмыстарының нәтижелері Бүкілодақтық мәжілістерде бірнеше рет баяндалды және маңызды қолданбалы мәні бар. Ол «Вымпел» ғылыми-өндірістік бірлестік жанындағы геотұрақты серіктерді бақылау бойынша үйлестіру кеңесінің мүшесі болды.

1991жылға дейін ол КСРО ғарыш кеңістігін зерттеу Орталығының сараптау-талдау тобының төрағасының орынбасары, ал кейінірек, жұмыс тобының мүшесі болып табылды; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ғарыш бағдарламаларын дайындауға белсене қатысты.

2000 жылы А.В. Диденконың және Б.И. Демченконың «Геотұрақты серіктердің аймақтық каталогы» жұмыстары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ізденуші ретінде ұсынылды.
Ол Қазақстан Республикасы және ТМД мерзімдік басылымдарында 90-нан аса ғылыми мақалаларын жариялады. Соңғы жылдары Жердің жасанды серіктерін бақылау және ақпараттық жүйе секторының меңгерушісі қызметін атқарды.

Александр Владимирович Диденко туралы жарқын ой оның жақындарының, әріптестерінің және таныстарының жүрегінде сақталады.